Connect with us

Новости

Үш рет егізді дүниеге әкелген 9 балалы отбасы қалай күнелтіп жүр?

Опубликовано

Түлкібастық отбасы жан сырымен бөлісті

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында тұратын Ғалбият Ғалым мен Ұлбосын Жасымбекова ел демографиясының дамуына сүбелі қосып отырған  отбасы. Отанасы Ұлбосын небәрі 30 жасында 8 баланың анасы атанған. Бір ерекшелігі, перзенттердің алтауы егіздер, яғни, бұл отбасында үш рет егіз дүниеге келген.

Төрт жыл кездесіп жүрген

Ғалбият пен Ұлбосын 2002 жылы ауруханада танысқан. Қытай қазағы Ғалбият Қазақстанда білім алу үшін құжаттарын реттеп, қазақ тілін меңгеруге қосымша сабақ алып жүрген екен. Ал Ұлбосын медицина факультетінің 1-курс студенті болған. Кейін аталған оқу орнына (автор: ХҚТУ) Ғалбият та түсіп, олар төрт жылдай қыз бен жігітше кездесіп жүреді. 2006 жылы шаңырақ көтереді. Үйлену тойы аспан асты елі Қытайда дүркіреп өтеді. Ол кезде Ғалбият ел азаматтығын әлі алып үлгермеген, сондықтан Ұлбосынның туыстары оның шетел азаматына тұрмысқа шығуына қарсы болыпты. Бірақ, арадағы махаббат кедергі келтіре алмайды.

Тұңғыш перзенттің кіндігін әкесі кескен

Бір жылдан соң олардың тұңғышы Аружан дүниеге келеді. Оның кіндігін әкесі кесіпті. Араға екі жыл салып шаңырақтың тұңғыш егізі Қымбат пен Сымбат дүние есігін ашады.   

«Алғашқы егізді дүнеиеге алып келерде сары уайымға салынғаным рас. Бірақ, мен үшін егіздерді дүниеге алып келу таңсық болмады. Өзім де егіздің сыңары болдым. Бәрін бір Аллаға тапсырып, бастысы, балаларым аман-есен дүниеге келсе екен деп күні-түні тілеумен болдым. Шүкір, толғағым қысып, перзентханаға барарда жолдасым қолдап, тіпті босану процесіне өзі қатысты»,-деді Ұлбосын Жасымбекова.

2010 жылы Ғалбият қолына дипломын алған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданына жолдама алады. Екі жыл пәтер жалдап тұрған олар мемлекеттен жас маманға берілетін үй алуға әрекет етеді. Бірақ, жиған-тергені жетпегендіктен несие алуларына тура келіпті. Бүгінде сол баспана үшін алған несиесін төлеп отыр.

Бұрын-соңды мүлдем танып-білмеген ауданға қоныс аударған ерлі-зайыптылардың 2011 жылы Ұлжан мен Ұлпан есімді екінші егіздері өмірге келеді. Қос егіздің есімін келесі перзент ұл болсын деген ырыммен қойыпты. Екі жылдан соң олардың ниеті қабыл болып, отбасында маңдайы торсықтай Ақарыс есімді ұл дүниеге келеді. 2015 жылы Бекарыс пен Жанарыс жарық дүние есігін ашады. Айта кетерлігі, бұл әулеттегі барлық перзенттің есімін отағасының өзі қойған.

Кенже ұлға жүкті кезінде жол апатына түседі

Шаңырақтың кенжесі Бейбарыс әлі жасына да толмаған. Бірақ, тәй-тәй басып, өзінің алғырлығын осы бастан байқата бастапты. Кенже сәбиді анасы кесар тілігі арқылы дүниеге алып келуге мәжбүр болған.

«Мен аудандағы жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүріп, декреттік демалысқа шығудың шақ алдында шақыртумен шалғайдағы ауылдардың біріне бардым. Жүктіліктің 29-шы апталығы болатын. Қар борап тұрды. Жолда жедел жәрдем көлігіміз аударылып, қатты зақым алдым. Мойын омыртқам сынды. Алланың қалауымен балама зақым келмеді. Алматыдағы ғылыми зерттеу орталығында төрт ай қимылдамай жаттым. Айым мен күнім келген кезде дәрігерлер баланы кесар тілігі арқылы босандырып алды»,-деді көпбалалы ана.

Бұл сәтті отағасы былайша еске түсірді.

«Отбасында әйел азаматының рөлі ерекше ғой. Әйелім сырқаттанып ауруханада жатқанда балаларды сабаққа, балабақшаға тасып, оларды тамақтандырып, киіндіруде біраз әбіржігенім бар. Аллаға шүкір, қазір оның бәрі артта қалды» деген Ғалбият Ғалым көпбалалы баланы тәрбиелеу жас отбасы үшін аса бір қиындық туғызып жатқан жоқтығын алға тартты.

«Бала саны көп болған сайын, оларға қарау керек деп бас қатыра бермейді екенсің. Бір-біріне қарап өсіп кетеді. Үлкеніміз 11 жаста. Анасының көмекшісі болып жүр. Өздері сабаққа барып, өздері қайтады. Тек қас қарайғанша сабақта болса, алдынан күтіп аламыз. Балаларымыз көп болып, кедей болып қалған жоқпыз (күліп). Әр баланың өз несібесі бар»,-деді отағасы.

Айтпақшы, тоғыз баланы тәрбиелеп отырған отбасындағы барлық бала бір жасқа толмай жүріп, тіпті тілі де ерте шыққан дейді олардың анасы Ұлбосын.

«Бір баланың оқулығын 70-80 мың теңгеге сатып алдық»

Бүгінде шаңырақтағы 9 баланың 6-уы мектепте оқиды. Оның екеуіне мемлекеттен көмек ретінде тегін ыстық тамақ қарастырылса, тек тұңғыш перзент Аружанның ғана  кітабы мектеп есебінен түгелімен беріліпті. Ал қалғанын ерлі-зайыптының өздері сатып алуға мәжбүр болған.

«Жаңа оқу жылының басында бір баланың оқулығын алуға 70-80 мың теңге жұмсадық» деген ерлі-зайыптылардың айтуларынша, ата-ананың табысын бала санына бөлгенде, олар осы бір көмек түрінен шеттетіліпті. Көпбалалы анаға «Алтын алқа» иегері үшін мемлекеттен ай сайын небәрі 15 мың теңге беріледі екен. Айта кетерлігі, отағасы Ғалбият шеттей бала-шағаны бағу үшін екі жерде жұмыс істейді. Ал келіншегінің декреттік демалыстан шыққанына енді бір ай толып отыр.

«Балдардың мектептегі тамағы, кітабы, киімі, күнделікті жүріп-тұруы бар. Сондықтан бір айлықпен өмір сүру қиын. Жекеменшік клиникада қосымша еңбек етемін» деген  көпбалалы әке өзін мазалап жүрген мәселені де жасырмады.

Көпбалалы әке: «1 жыл, 7 айдан бері Қытайдағы ата-анамнан еш хабар жоқ»

«Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Ешкімнен нан сұрап жатқан жоқпыз. Мені мазалайтыны, Қытайдағы ата-анамның жағдайы. 1 жыл 7 ай болды, хабарсызбын. Тірі ме, жоқ па, қамалып кетті ме? Оны да біле алмай отырмын. Мен Қазақстан азаматтығын алғанмын, ата-анамды іздеп барайын десем, туған жерім Қытай елі. Сондықтан маған да тиісуі мүмкін. Себебі ғаламтордан небір ақпараттарды оқып отырмыз. Қазақстанмен байланысса, қамалып жатыр екен дегенді де естідік. Талай қандасымыз қамалып жатыр екен. Өзім Сыртқы істер министрлігі секілді құзырлы органдарға әлі шығып көрмедім. Әйтеуір ата-анамның амандығын тілеп отырған жайым бар. Арманым сол кісілерді Қазақстанға көшіріп алсам деймін» деп мұңын шақты түлкібастық тұрғын.

Новости

Шымкенттік оқушыларға сол қолмен жазу үйретіліп жатыр

Опубликовано

Шаһардағы №90 мектептің оқушылары жаппай сол қолмен жазуға машықтанып жатыр.

Бастамаға білім ордасының басшысының өзі ұйытқы болған. Оқушылар сабақтан тыс уақытта сол қолмен диктант жазуға мәжбүр. Төрт жылдан бері аптасына бір рет 15 минуттарын сол қолмен жазу жазуға арнап келеді. Өзге мектептерде жоқ бұл дағдының оң өзгерістерін алдымен шәкірттер байқаған.

Бұл үрдісті балалардың ойлау қабілетін жақсарту үшін қолға алған. Мамандар сол қолмен жазу оң жақ мидың жұмысын жақсартады деп қосты. Бұл балалардың жылдам ойлауын қалыптастырып, кез-келген ситуациялық жағдайдан шығуға жол табуына көмектеседі екен.

Дария Жақсыбекова, мектеп оқушысы: «Менің математикама тікелей әсері болды. Бұрындары есептерді ойланып есептейтін болсақ, қазір екі қолмен жазуға байланысты тез есеп шығарамын. Сонымен қатар шығармашылық дамуға да тікелей әсерін тигізді. Өлең жаса бастадым, кішігірім. Өзім екі қолмен бірдей жазуға машықтана бастадым».

Читать дальше

Новости

Шымкентте дәрігерлер жетіспейді

Опубликовано

Үкіметтің жалақы мәселесін қайта қарауы тегін емес. Себебі, дәрігер жалақысының мардымсыз болғандығынан салада кадр тапшылығы орын алған. Сала мамандарының айтуына қарағанда, бүгіннің өзінде қалаға қырық шақты дәрігер жетіспейді. Фтизиолог, психолог, педиатр, акушер-гинеколог мамандары ауадай қажет дейді жауаптылар.

Айта өтейік, Шымкентте 3119 дәрігер қызмет атқарады. Сонымен қатар, 7796 орта буын қызметкер бар. Статистикаға сүйенсек, кадр тапшылығы 74 штаттық бірлікті құрайды дейді қалалық денсаулық сақтау басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Абишев.

«Қазір жас мамандарды жұмысқа тарту көзделуде. Ол үшін түрлі әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігі зерделенуде. Ақ халаттыларды баспанамен қамту 7-20-25 бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда» — деп қосты сала басшысы.

Саладағы маман тапшылығын жасырмай жария еткен Ғалымжан Абишев осы мамандықтар бойынша жұмыс істеймін дегендерге әрқашанда есік ашық екенін жеткізді.

Читать дальше

Новости

«Ет пен сүйектен жаралған, жүрегі бар» полицейлер көмекке келді

Опубликовано

«Құрсай» шағынауданында шыққан өрт, құтқарылған екі бала, және батыр — Бақытжан: бұл тіркестер тренд болып жатқанда, жапа шеккен отбасы тыс қалды.

Мұны алғашқылардың бірі болып, полицейлер байқады. Көмек қолын созып, материалдық қолдау көрсетті. Шымкент қалалық Полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің ұжымы өрт оқиғасынан аман қалған отбасыға қайырымдылық жасады. Қызметкерлер өртенген үйдің кәмелетке толмаған үш баласына көмек ретінде азық — түлік және көрпе жастық алып келіп тапсырды.

Еске сала кетсек, 16 ақпанда «Құрсай» шағынауданында үй өртеніп, 13 жастағы жеткіншек түтінге тұншығып үйде қалып кеткен екі баланы құтқарып қалған болатын. Балдары аман қалған отбасы дымнан дымсыз қалды. Ішері асы, киерге киімі қалмаған. Тілсіз жаудың қоршауында қалған қос балақайдың өмірін сақтап қалған Бақытжан Беркінбайды төтеншеліктер мақтап, марапаттады.

Ізін сала, ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың алғысына бөленді. Өзі келіп қолын алмасада, құттықтауы мен медалі жетті. Мәртебелі марапатты Шымкент қаласы ПД-нің басшылығы табыстады. «Ет пен сүйектен жаралған, жүрегі бар» полицейлер анасына да құрмет көрсетті.

Читать дальше

Популярное

Незаконное копирование материалов запрещено. Перепубликации возможны при условии активных ссылок на источник материалов не более 30 процентов копирования.

© Барлық құқықтар сақталған.