Connect with us

Самое интересное на сайте

Қарабура кесенесінің тылсым қасиеті туралы не білеміз?

Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қарабура әулие кесенесінің тарихы тереңде. Шырақшының айтуынша, кіші жүз ұрпағының бабасы саналатын Қарабура шыншыл жан болған. Тіпті оның киесі де бар дегенді алға тартты. Мұнда зиярат етушілер түрлі дерттерінен сауығып кетеді екен. Бұл туралы zynqala.kz тілшісі Созақ өңіріне барған сапары барысында біліп қайтты.

Опубликовано

Әулие туралы аңыз

Тарихи деректерге сүйенсек, Қарабура Орта Азияда ислам дінінің орнығуына ықпал еткен әулие болған. Қожа Ахмет Ясауидің замандасы. Ол ХІ-ХІІ ғасырда  өмір сүрген. Кейбір аңыздарда, әулиенің шын есімі Хасан хан деп аталады. Кесене шырақшысының айтуынша, Қарабура әулие Қ.Ясауидің жаназасын шығарған.

«Қ.Ясауи шәкірттері ол кісіден сіздің жаназаңызды кім шығарады?» деп сұрақ қойғанда Ясауи қарт Қаратаудан Қарабура деген әулиенің келетінін айтқан екен. Ясауи қайтыс болғанда ол түйесімен барып, жуындырып, жаназасын шығарады да, ешкімге есімін де айтпай еліне қайтқан екен»,- деді шырақшы Сейфулла Өмірбеков.

Қарабура әулиенің нақты қайтыс болған жылы белгісіз. Кейбір аңыздарда 1174-1184 жылдар аралығында өмірден озған деген дерек бар.  Денесі Созаққа жерленген.  

Кесене тарихы…

Каншама ғасырлық тарихы бар кесене 1997 жылы шымкенттік Ержан Құралов есімді азаматтың себепші болуымен жаңартылған. Бүгінде оның аумағы 40 сотық жерді алып жатыр. Биіктігі — 17 метр. Оның есігі күн батысқа қарай, яғни, Қ.Ясауи кесенесіне қаратылған. Қарабура зираты төрдегі бөлмеде орналасқан. Оның оң жағында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с), Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті шашты Әзіз және тағы да басқа бабалардың зират басынан әкелінген топырақтары қойылған мәрмәр тас белгілер бар. Кесене ауласынан қазақтан шыққан батыр, билер мен жыршылардың құрметіне қойылған тақтайшаларды көруге болады. Бәрінің топырағы олардың зиратынан әкелінген. Бас аяғы 670-тей тас белгі кесененің екі жаны мен артын қоршап тұр. Жуырда бұл жерге қазақ хандығының соңғы ханы Кенесарының қарындасы Бопайдың зиратынан топырағы әкелініп, тас белгі орнатылмақ.

Киелі орын ауласына кірген бойда сол жақта алып түйенің ескерткіші қойылған. Ол кезінде түйемен жүрген Қарабураның құрметіне, яғни, кесене күзетшісі ретінде қойылған екен.

Венгрия мен Германиядан да келушілер көп

Шырақшы Сейфулла Өмірбеков Қарабура кесенесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен, көршілес жатқан Қырғызстан, Өзбектан, Ресейден келетіндер көп дегенді алға тартты. Тіпті Германия мен Венгриядан да киелі орынды арнайы іздеп келетіндер саны аз емес. Өкініштісі, зиярат етушілер саны тек күн жылы уақытта артады, күніне 50-60 адам түнеп кетеді екен. Ал қыстың күндері жол жабық. Келу қиындық тудырады. Айтпақшы, кесене маңында 100 орындық қонақүй орналасқан. Ең қызығы, ақысыз. Кез келген келуші келіп түней береді. Ал егер топ болып зиярат етушілер келсе (он адамнан көп), әрқайсысы отын мен суға 300 теңге төлейді. Шырақшының айтуынша, кесенеге мемлекет есебінен қаржы бөлінбейді. Зиярат етушілердің жәшікке ниет етіп тастаған және қонақүйге төлеген қаржысы жөндеу мен өзге де қажеттіліктерге жұмсалады. Шырақшы мен аспаздың, күзетшінің жалақасы да соның ішінде. 

Шырақшы: «Келушілер ниет етіп тастап кеткен матаға дейін тиіспейміз»

Әңгіме барысында шырақшы киелі орындағы тылсым күштің барын да ашып айтты.

«Зиярат етушілер жәшікке не кесене ішіндегі талдың астына ақша тастап кетеді. Тіпті кейде біз құран оқысақ, қолымызға ақша ұстатады. Бірақ, оны  өз қалтамызға салмаймыз. Неге дейсіз ғой? Егер алатын болсақ, өзім не балаларым ауырып шығады» деген шырақшы мынандай бір тылсым оқиғаның орын алғанын айтты.

«Қазіргі күзетшінің әкесі 20 жылдай осында жұмыс істеген. Қабір басына ниет етіп келгендер бір орама ақ мата жауып кетіпті. Пенде ғой, ешкім қалмаған кезде әлгі кісі оны үйіне алып барған екен. Кешке кесене жанындағы үйге келіп, есікті ішінен құлыптап, ұйқыға кеткен. Қазақта бастырылып қалыпты деген бар ғой. Тура сондай, түннің бір ортасында сықыр деген дауыс естіліп, үйге үлкен түйе кіріп келіп, әлгіні қылқындыра бастапты. «Сен осы әрекетің үшін Алла алдында жауап бересің» деп ескерту жасап кеткен. Таңертең мен келдім кесенеге, оның түрі сұрланып кеткен. Содан ол, «Ойбай, алтын берсең де алмаймын» деп, мал сойып, құран оқытты. Үйіне алып кеткен орама ақ матаның қасына тағы біреуін қосып әкелді. Міне, көрдіңіз бе, әулиенің киесі қандай?» деген шырақшы киелі орында  мал сойылса да, дәреті бар қасапшы соймаса, сырқаттанатынын жеткізді. Өз сөзінде Сейфулла Өмірбеков ниет етушілер әкелген кілем, мата дегеннің барлығы ауылдың жағдайы төмен отбасыларына берілетінін айтты. 

Төсек тартып қалған ресейлік ару Қарабура кесенесін 6 жыл іздеген

Кесенеге келушілер түрлі ниетпен келеді. Көбі деніне саулық сұраса, бірі бала көтеруін Алладан тілейді. Әңгіме барысында шырақшы өзі куә болған мына бір жағдайды баяндап берді.

«Екі ай бұрын  Ресейден 16 жастағы орыс қызы анасымен келді. Осыдан алты жыл бұрын әкесі үйіне ішіп келіп, ұйықтап жатқан қызының үстінен аттап өтіп шешесін ұрған екен. Қызы шошынып қалған ғой, содан орнынан тұра алмай, төсек тартып жатып қалыпты. Жүру былай тұрсын, отыра да алмайды. Апармаған жері қалмаған. Бір күні қыз түс көрген ғой. Үйіндегілерге: «Түсімде Қарабура деген жерге барыппын. Кесенеде үлкен тал бар, соған арқаммен отырып, ұйықтап кетіппін. Оянсам, белім жазылып, кәдімгідей жүрмін» деген екен. Содан туыстарымен жабылып Қарабураны іздеген. Алты жыл бойы. Ресейліктер Қазақстан деген жердің барын білгенімен, Созақты, соның ішінде Қарабураны қайдан білсін? Осында үш күн түнеп, аяқтан тұрып кетті»,-деді шырақшы.

Пештің көсеуімен аяқтан тұрған   

«Айта берсем, мұндай оқиғалар көп» деп әңгімесін жалғаған шырақшы тағы бір оқиғаны айтып берді.

«Бірде бір топ зиярат етушілер келді. Арасында Жезқазғаннан бір кісі бар. Ол 5-6 жыл бұрын еш себепсіз бүкір боп қалған екен. Топты бастап келгендердің арасында қостанайлық емші жас келіншек бар. Қыстың күні, боран. Кесене жанындағы үйге орналасты. Пеш жағып қойғанбыз. Әлгі келіншек қызып тұрған шоққа көсеуді қыздырды да тілімен жалап түсті. Біз қорқып кеттік. Сөйтті де әлгі науқасқа «түф» деп үш рет түкірді. Үш күн кесенеде түнеді олар. Сенесіз бе, бүкір ер кісі жазылып кетті. Ең қызығы, емшіге ешнәрсе болған жоқ. Әйтпесе қызып тұрған көсеу тілін сұлатып түсірер еді» деп таңқалған сәтін баяндады ол.

Жыл сайын ас беріледі

Қарабура кесенесінде әр жылдың маусым айында жан-жақтағы әулие ұпақтары жиналып, ас беріледі. Шығынды әр облыстағылар кезекпен көтереді. Кейде жеке өз аттарынан құран оқытатындар бар. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын танымал актер Асанәлі Әшімов отбасымен бірге келіп, Қарабура әулие ұрпақтарын жинаған. Ал биыл экс-шенеунік, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бүгінде кәсіпкер Болатбек Әлиев екі мыңға жуық адамның басын қосып ас берген. Шырақшы Сейфулла Өмірбеков сөзінің соңында ас беру рәсіміне бұрындары тек Қазақстан аумағындағы Қарабура ұрпақтары жиналса, бүгінде Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Қытай елінен арнайы келіп  қатысады дегенді жеткізді.
P.S. Қарабура әулие кесенесі Шымкенттен 257 шақырымдық жерде, Созақ ауданындағы Созақ ауылында орналасқан. 
 

Читать дальше

Самое интересное на сайте

Шымкенттегі ит пен мысыққа арналған қонақ үй туралы не білеміз?

Опубликовано

Иә-иә, ешқандай да қалыс оқыған жоқсыз. Кәдімгі ит пен мысықтар «тынығатын орынды» дәл Шымкенттен табуға болады. Бұл қонақ үй жанында әсемдік (груминг) салоны, күндізгі емхана, тіпті зоодүкен де бар. Яғни, тұтастай жануарларға арналған кешен. Егер сізде ит пен мысығыңыз болса, осы қызметтің бәрін қаланы шарламай-ақ бір жерден алып кете аласыз.

Үйшік, жатын орын, тіпті желдеткішке дейін бар

Қонақ үй үш бөлімнен тұрады.  Оның бірі мысықтарға арналса, кейінгілері ірі төбеттер мен ұсақ тұқымды иттерге арналған. Әр бөлмеде үй жануарына арналған жатын орын, үйшік, ыдыс-аяқ пен өзге де қажеттіліктер қарастырылған. Тіпті кейде ит пен мысық иелері сүйікті жануарының жағдайы үшін ойыншықтарын да бірге алып келеді. Мұны қонақ үй қызметкерлері келген үй жануарының бірнеше күннен соң өз иелері мен мекен еткен үйіне деген сағынышының алдын алады деп түсіндірді. Яғни, ойыншықтармен алаңсыз ойнап, өз үйінде жүргендей сезінеді екен. Айтпақшы, қонақ үйде желдеткіш те орнатылған. Осы ретте мұндағы баға туралы мәлімет сізді де қызықтырып отырған болу керек. Мысықтар үшін тәулігіне 1000 теңге, ал иттерге 1500 теңге алынады.  Бұл бағаның ішінде тазалық шаралары, күндізгі серуен, тамақтандыру секілді қызметтер кіреді. Ал олардың тағамын иелері өздерімен бірге алып келуі қажет. Себебі әр жануардың өзінің тамақтану рационы болады.

Әрбір ит пен мысық жеке бақылауға алынады

«Біз әрбір келген ит пен мысыққа ерекше назар аударамыз. Оларды серуендету үшін ауламыз да бар. Таза ауада серуен кезін де жекелей бақылаймыз. Себебі бәрін бірден аулаға шығарсақ, бір-бірімен ырылдасып қалуы мүмкін. Әсіресе үшінші-төртінші күн өткенде оларға ерекше тәсілмен мән беруге тырысамыз. Неге дейсіз ғой? Өйткені олар иелерін сағына бастайды. Тіпті кейбірінің көңіл күйі болмай, қамаулы тұрған бөлмесінен шықпай қояды», — деді қонақ үй қызметкерлері.

«Зооветсервис» кешенінің әкімшісі Нина Ивановна келушілердің әрбірінің өзіндік мінезі болатынын алға тартты. Бірі ойынды жақсы көрсе, енді бірі сабырлы келеді. Оны қонақ үйге өткізерде иелері айтады екен. Соған қарай күтім де жүргізіледі.

Қонақ үйге жылдың жаз мезгілінде келушілер көбейе түседі. Дәл сол уақытта көбі еңбек демалысына шығып, шет ел асып жатады. Кейбірі өзге қалаларға кетеді. Енді бір өзге де шаруаларымен жүреді. Сондай сәтте тұрғындар ит пен мысықтарын осы жерге алып келуді құп көреді. Қонақ үйде апталап, кейде бірнеше ай қонақ болатындар бар. Тек жаз ауасы емес, жыл он екі ай да бұл жерді мекен ететіндер жоқ емес.

«Қонақ үйдің ашылуының өзі қажеттіліктен туындады. Кешеннің бас дәрігері демалысқа кететін болып, үйіндегі үй жануарларын қалдыратын жер болмаған. Ол кісі бірнеше жануарды ұстайды. Күні бүгінге дейін бізге 787 келуші болды», — деп әңгімесі жалғаған кешен әкімшісі мына бір клиент туралы айтып берді.

Футболшының күшігі – тұрақты клиент

«Ордабасы» футбол клубында Сербиядан келген футболшы болды. Ол осында келісімшартпен ойнаған. Соның өте сүйкімді күшігі болды. «Мальтийская болонка» деп аталатын тұқымнан. Футболшыларды өзіңіз де білесіз ғой, үнемі жарыстарда жүреді. Сол күшік біздің тұрақты келушіміз еді. Бірақ өкініштісі,  күшікті Сербияда көлік қағып кетіпті», — деді Нина Ивановна.

«Вечерний ургант» жобасын көретін «Мадам» мысығы

Алматылық бір келіншек Шымкентке қонаққа келіп, біраз шаруаларын тындырып алмақ болып бірнеше күнге мысығын өткізеді. «Мадам» есімді мысық өзінің сылқымдылығымен қызметкерлердің есінде сақталып қалыпты. Ең қызығы, «Мадам» күн сайын кешкілік уақытта ресейлік «Вечерний ургант» жобасын көрмей ұйықтамайды екен. Өзінің IPad  планшеті — нағыз ойыншығы. Сол арқылы жобаны күн ұзаққа қарап отырады. Осыдан кейін кешен иесі қонақ үйдің әрбір бөлмесіне бір-бір планшеттен алуды көздепті. Бірақ кейінірек ол ойын өзгерткен.  

Ерекше айта кетерлігі, бұл зоологиялық кешенде иелері алып келіп, кейін хабарсыз кететіндері де бар. Оларды қызметкерлер өздеріне қалдырады. Мәселен, алты жастағы «Қазанбас» есімді төбет солардың бірі. Екі айлық кезінде емханаға ауыр сырқатпен келіп түскен оны иесі  өлтіре салыңдар деген екен. Бірақ, бас дәрігер кішкентай ғана күшікті емдеп, екінші өмір сыйлаған. Айтпақшы, емханаға ит пен мысықтарға отаның кез келген түрі жасалынады. Осы ретте кешен әкімшісі Нина Ивановна кей тұрғындарда жануарларға деген мейірімділік жоғалып барады деп қынжылды. Айтуынша, үйінде ит немесе мысық асырайтындар дұрыс күтпейді. Уақытысында егу жұмыстарын жасатпайды. Салдарынан жануар аурушаң болады. Тіпті кейде ит пен мысығын көшеге қалдырып, қатыгездік танытандар да көп деген ол жануарға кішкентай бала секілді күтім жасау керектігін алға тартты.

Әсемдік салонында Ресейде білім алған грумер еңбек етеді

Зоологиялық кешендегі груминг салоны туралы әңгіме тым бөлек. Ресейде білім алып келген грумер маманы Екатерина Мауэр ит пен мысық иелерінің талаптары жоғары деп отыр. Тек иелері емес, үй жануарының өздері де мінезді болып келеді екен. Шомылдырарда грумер маманына әлі үйренісе қоймағандары жатырқап жатады. Орынсыз мияулап немесе үріп мазаны алады. Бірақ маман мұны уақытша дейді. Уақыт өте үйренісіп, өз туысындай қабылдайды екен.

«Әсемдік салонында жүн қырқу, шомылдыру, «фенмен» кептіру, тарау, құлақтарын тазалау, тіпті тырнақтарын қысқартып, «жасанды тырнақ» та жабыстырып береміз. «Жасанды тырнақ» жиһаздарды бүлдірудің алдын алады. Яғни, табиғи тырнаққа пластмассадан жасалынған қалпақша жабыстырылады. Осы уақытқа дейін түрлі клиентті кездестірдім. Алғаш рет келгендер ит пен мысығының мінез-құлқын, талғамын айтады. Соған қарай қызмет көрсетеміз. Алғашында жатырқағандары кейінірек үйренісіп, тіпті біздің қызметімізге риза болып, ұзақ қоштасады. Бетімізден сүйіп, көздерінен балбұл жайнаған әсерін де байқаймыз», — деді грумер.

Айтпақшы, әсемдік салонында шамунь мен бальзам, иіссулар мен түрлі жақпаларға дейін итальяндық «Милорд» компаниясының өнімдері қолданылады. «Біз үшін бірінші кезекте сапа» деген Екетарина Мауэр өз қызметінің құны ит пен мысықтың салмағы мен көлеміне қарай өзгеріп отыратынын айтты. Мәселен, мысықты шомылдырып, кептіру, жүнін қырқу, құлағын тазалау ақысы 3500 теңгеден, дәл сол қызмет түрлері иттер үшін 4500 теңгеден басталады. Грумер қызметіне жылдың жаз бен көктем мезгілдеріне сұраныс жоғарылай түседі. 

Читать дальше

Самое интересное на сайте

Аким Шымкента зарезал барана на праздновании Наурыза

Опубликовано

Празднование  Наурыза в Шымкенте началось на берегу реки Кошкар-ата. Аким города Габидулла Абдрахимов принес барана в жертву. 

Наурыз шымкентцы начали праздновать на берегу реки Кошкар-ата.  Здесь проводились национальные обряды и массовые гулянья.

У истока реки были установлены три большие юрты, в каждом из них по обычаю готовили национальные блюда и накрывали дастархан. Тонну баурсаков приготовили для сегодняшнего праздника. Но главным угощением на столе был наурыз-коже. На берегу Кошкар-аты сегодня приготовили 300 литров этого блюда.

Пришедший поздравить горожан аким Габидулла Абдрахимов участвовал в обряде жертвоприношения — несколько человек зарезали барана на Наурыз. Абдрахимова также попросили провести обряд «тусау кесу» — чиновник по традиции «перерезал путы» годовалой девочке и пожелал ей счастливого будущего. 

Национальные игры — куресу (борьба) и кошкар-котеру (состязание по поднятию барана) — являются неотъемлемой частью праздника Наурыз. Джигиты мерились силами и по очереди поднимали барана весом более 40 кг. Самым сильным в состязании признали мужчину, сумевшего поднять животное на плечах более сотни раз.

Пожилые гости праздника пели национальные песни. На праздник привезли беркутов, лошадей и верблюдов. 

Читать дальше

Самое интересное на сайте

Түркістан облысында көлік апатынан 3 бала мен ер кісі мерт болды

Опубликовано

Оқиға бүгін Шымкент-Самара тас жолының 115 шақырымында, яғни, Түркістан облысында орын алған. ​Daewoo Nexia және Hyundai Starex минивэн жеңіл автокөлігі соқтығысты. Екі көліктің соқтығысуы салдарынан 5 жастағы екі бүлдіршін мен 15-тегі жасөспірім ауруханаға барар жолда көз жұмды. Апат орын алған жерге Түркістан облыстың полиция департаментінің басшысы барды. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады. 

«Ірі көлік апатынан соң зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілді. Өкінішке орай үшеуі қайтыс болды. Тағы екі ер кісі, яғни, екі жүргізуші медицина мекемесіне ауыр халде түсті. Оның біреуі ауруханада көз жұмды» делінген ведомство хабарламасында.   

Читать дальше

Популярное

Незаконное копирование материалов запрещено. Перепубликации возможны при условии активных ссылок на источник материалов не более 30 процентов копирования.

© Барлық құқықтар сақталған.